KZ

Главная страницаФестиваль педагогов
Нәзипа Құлжанова
Великие имена

Автор: Великие имена

Материалы автора:

1
18 января 2019   

Нәзипа Құлжанова – Қостанай өңірінен шығып, есімі бүкіл қазақ еліне танылған аяулы қыздарымыздың бірі. Бастапқы мамандығы – мұғалім, мектепке дейінгі тәрбиенің негізін қалаушы. Оның есімі педагог, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, этнограф, аудармашы ретінде қазақ тарихында мәңгілік қалды.

Н. Құлжанованың бастапқы мамандығы – мұғалім. Оның есімі педагог, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, этнограф, аудармашы ретінде қазақ тарихында мәңгілік қалды.

Нәзипа Құлжанова 1887 жылы А. Байтұрсынов, М. Дулатов сынды дарабоз тұлғаларды дүниеге әкелген Қостанай облысының топырағы киелі Торғай өңірінде туды. Алдымен іргесін ұлы ағартушымыз Ы. Алтынсарин қалаған Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде білім алып, кейін оқуын Қостанай қаласындағы қыздар гимназиясында жалғастырады. Оны 1902 жылы тәмамдап, Торғайда мұғалімнің көмекшісі болып істейді.

Кейін Орынбор мұғалімдер семинариясын бітіріп, ұлы Мұхаң (Әуезов) білім алған Семей мұғалімдер семинариясында 1905-1920 жылдары ұстаздық етеді.

Жастайынан өжеттігімен, қайсарлығымен та-нылған Нәзипа Семейде өзінің белсенділігін, қабілет-қарымын байқатып, 1914 жылы (ұлы Абайдың қайтқанына 10 жыл болған уақыт) мәдениет қайраткері, өмірлік серігі Нұрғали Құлжанов екеуі Абай Құнанбаевты еске алу кешін ұйымдастырып, өткізеді. Қазақ, орыс тілдерінде баяндама жасайды. Баяндамасын «Абайды туғызған қазақ даласы тағы да талай Абай секілді, бәлкім одан да артық данышпандар туғызады» деп түйіндеп, тыңдаушыларын тәнті етеді.

Нәзипа Құлжанова кезінде Қырғыз (қазақ) АКСР Оқу-ағарту халық комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару мен баспасөз істері жөніндегі арнаулы комиссия құрамында болған. Оқу комиссариатының арнайы тапсырысымен «Мектептен бұрынғы тәрбие» атты оқу құралын жазған. Бұл еңбегі 1923 жылы жарық көрді. Аталған кітапқа ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Заман амалының жарысынан, заман көшінің қатарынан қалмай өмір сүру үшін бүгінде адамға көп өнер-білім даярлау керек» деп, алғысөз жазған екен.

Қайран Ахаңның қазіргі жаһандану заманы талабымен үндес осы бір сөзіне қайран қаласың. Неге десеңіз, құдіретті күш, ең басты құндылықтардың бірі саналатын – білімнің өзектілігі мәңгілік.

Нәзипа Сегізбайқызы мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оларға айтылатын сөздің де, көрсетілетін іс-қимылдың да орынды, тағылымды болуын ескерткен. Танымал педагог бала бойындағы білуге, ұғуға, көруге әуестікті тыйып тастамай, оларды бағыттап, дамытып отыру қажеттігін нақты мысалдармен түсіндіріп берген.

Сондай-ақ, Н. Құлжанованың кейінгі ұрпақтарға қалдырған өшпес мұраларының бірі – «Ана мен бала тәрбиесі» кітабы. Бұл оқу құралы педагогтарға, тәрбиешілерге, ата-аналар мен балалар дәрігерлеріне анықтамалық ретінде ұсынылған. Ол 1927 жылы 5000 данамен Қызылорда қаласында басылып шыққан.

Н.Құлжанова әнші болмаса да, қазақ әндерін нақышына келтіре орындайтын өнері болған. Ең маңыздысы - ол кісінің әншілігі емес, қазақ әндерінің нотаға түсуіне көмек көрсетуі. Ол кісі Затаевичке «Ғайни-ау, сәулем», «Қадыр зары» әндерін жаздырған. 1934 жылы қайтыс болған.

Н. Құлжанованың өмірі мен қызметі, мұрасы тереңірек зерттеуді қажет етеді. Оның журналистік, аудармашылық қырын ашу келешектің еншісінде. Нәзипа Құлжановадай қазақтың қайсар, қайраткер қызы, оның ғибратты ғұмыры, тағылымды мұрасы жайлы жастарымыз білгені абзал.

Добавить комментарий



Комментарии (0)


Этот материал еще никто не прокомментировал.